Басты жаңалықтар

Кемел перзент үлгісі

Газетіміздің өткен аптадағы санында облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың «Елінің Есағасы» деп аталатын мақаласы жарық көрді.  Бұл ой толғамы «Егемен Қазақстан» газетінде де оқырмандар назарына ұсынылған болатын.

Автор атап көрсеткендей: «Өз заманының озығы болған алдыңғы толқын ағалар туралы айтып отыру, бүгінгі буынға олардың қайраткерлік істерін үлгі ету біздің міндетіміз. Педагогикада мұны жалпы ұғымға түсінікті тілде тәрбие деп атайды».

Әкімнің өзіне ғана емес, кәсіптік-техникалық білім алған барша шәкірттерге ұстаз болған Есполай Мусин туралы қарапайым және ұғынықты тілмен баяндалған мақалаға оқырмандар үн қатты.

Облысымыздың әкімі Елеусін Сағындықовтың «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан «Елінің Есағасы» атты мақаласын қызығушылықпен оқып шыққанымызда ел аузында жүрген азаматтың биік тұлғасы көз алдымызға келеді.

Қай заманда болсын, өзінің қоғамға қызмет етудегі жаңа үлгісімен, белсенділігімен көзге түсетін, ақыл-ойы, парасаты молдығының арқасында қай жерде қызмет етсе де, сол саланы жете меңгеріп, дамыта білген Есполай аға Мусиннің өмір жолы мен қоғамдағы қызметінің ұлан-ғайыр екендігі баршаға мәлім.

Мақала авторы: «Еліміздің егемендігіне ие болатын жас ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен ісі мен сөзі, кісілігі мен кішілігі жарасқан тұлға туралы сөз қозғауды азаматтық парыз санадық»,— деп, Есағаның әрі шәкірті іспеттес, әрі соңына еріп ел қамын, елдің тұрмыс жағдайын жақсарту жолында талай қиын кезеңдерде бел шешіп, бірге еңбек еткен әріптесі ретінде сөз қозғауы — азаматтың асқақ рухына бас ию деп түсінеміз.

Осы мақаланы оқи отырып, ой толғасақ біздің әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы қарқынымыз жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі ұстанымына, ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне үлкен серпін беріп, ықпал ететіні анық.

Ағалар ісі ұрпаққа қашан да өнеге ғой. Есполай Мусиннің өзі басқарған шаруашылық еңбеккерлерінің жұмысы мен тұрмыс жағдайын тең ұстауы, бірыңғай шаруашылықпен айналысып кетпей, ауылды көріктендіруі, әлеуметтік нысандар салуға орасан зор күш жұмсауы — қазіргі таңдағы ең басты мәселелермен сабақтасып, ұштасып тұрғандай.

Есағаның тағы бір қыры — облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басшылығына келуі. Көреген азамат орта буындағы кәсіпқой мамандарынсыз халық шаруашылығын өркендету мүмкін еместігін түсінді. Педагог болғандықтан, оның мақсаты үлкен еңбекпен ашылған кәсіптік-техникалық училищеден өз кәсіптерінің нағыз шеберін, мамандығын жете меңгерген, ой-өрісі кең жастарды түлетіп ұшыру еді. Қазіргі жастардың көпшілігі жоғары оқу орындарына түскілері келеді. Жастар «Дипломмен — ауылға» бағдарламасына сәйкес ауылда еңбек етіп, әлеуметтік-тұрмыс жағдайлары да күн сайын жақсаруда.

Есаға — шебер ұйымдастырушы, қолға алған ісіне жауапкершілікпен қарайтын, өте қарапайым, өз Отанын шексіз сүйетін қазақтың биік тұлғалы азаматы. Осындай ел азаматының ел алдындағы ерен еңбегі мен бойындағы асыл қасиеттерін паш етуде оның шәкірті болған Елеусін Сағындықовтың таза да шынайы ақ көңілмен өзінің Есағамен тізе қосып еңбек еткен кездерін, бір адамның  тағдырына  екінші адамның түбегейлі әсер ететінін философиялық тұрғыда көрегендікпен айтуын кемел елдің нағыз кемел перзентінің сөзі деп қабылдаймыз.

 

Татьяна Ырысымбетова,

Алға аудандық

«Қазақ тілі» қоғамы

ұйымының төрайымы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button